Поделиться Поделиться

Кредиттік сағат саны – 1

Дәріс № 14

Тақырыбы: Үстеу

Дәріс мазмұны:

  1. Үстеудің лексика-семантикалық сипаты.
  2. Үстеудің құрамдық түрлері.
  3. Үстеудің семантикалық топтары.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Искаков А. Наречие в казахском языке. Алма-Ата, 1960.
  2. Төлеуов Ә. Сөз таптары. Алматы: Ғылым, 1982.
  3. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Таңсықбаева Б. Туынды үстеулердің жасалуына уәждеме болған сөз таптары // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 11, 2005, 58-62-б.б.
  2. Таңсықбаева Б. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеудің сөзжасам жүйесі. Ф.ғ.к. ... дис. авторефераты. А., 2006.

Қазіргі қазақ тілінде үстеу лексика-семантикалық, морфологиялық жағынан ерекшеленген дербес сөз табы болып табылады. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулерқимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгісін, жүзеге асу амал-тәсілін, мекенін, себебін, мезгілін, жай-күйін білдіретін және грамматикалық тұлғалармен түрленбейтін сөздер.

Қазақ тілінде осы тәрізді қимылдың әр түрлі сипаттарын білдіретін кейбір есім сөздер мен етістіктің көсемше тұлғалары да бар, бірақ олар үстеу орнына қолданылғанымен, яғни қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгісін, мекенін, амалын, мезгілін білдіргенімен, сөз табы жағынан үстеу болып танылмайды. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер етістікпен тіркесіп, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады. Кейбір үстеулер морфологиялық өзгеріске түсіп, субстантивтенеді, яғни көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Мысалы: Бүгініміз – беймаза, өткеніміз өкініш пе?

Үстеудің негізгі грамматикалық белгісі – оның арнайы түрлену жүйесінің және грамматикалық категорияларының жоқтығы. Сөйтіп, үстеу қазақ тілінде түрленбейтін сөз табы болып саналады.

Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер құрамы жағынан түбір үстеулер, туынды үстеулер және күрделі түбір үстеулер болып үшке бөлінеді. Құрамы жағынан түбір және қосымшаға бөлшектеуге келмейтін сөздер негізгі үстеулердеп аталады: біраз, ерекше, енді, жылдам, әрең, әдейі, жорта, әзір, әлі, бұрын, қасақана, ұдайы, ақырын, ерте, кеш, жоғары, төмен, қазір, үнемі, дереу, жаңа,енді, шапшаң, бағана, ілгері, әрі, бері, ман, ылғи, әзір, бекер, дереу, кері, әрмен, бермен, нақ, нағыз, дәл, өте, тым, аса, ерекше, мүлде, оқыс, түгел. Негізгі үстеулердің көпшілігіне сын есімнің шырай жұрнақтары жалғанады. Мысалы, бұрынырақ, ертерек, төменірек, әрірек, тезірек, жылдамдау. Үстеудің кейбір мағыналық топтары шырай жұрнақтарын мүлдем қабылдай алмайды. Жоғарыда аталған кейбір үстеулерге сын есімнің шырай жұрнақтарының жалғануы тарихи жағынан үстеудің сын есіммен жақын, төркіндес екендігін көрсетеді. Осымен байланысты шырай жұрнақтарын қабылдайтын да – негізгі түбір үстеулер мен қимылдың сапалық белгісін білдіретін үстеулер.

Басқа сөз таптарынан сөзжасам жұрнақтарының жалғануы арқылы, кейбір септік жалғауларының көнеленуі, яғни түбірге сіңісіп кетуі арқылы жасалған сөздер туынды түбір үстеулердеп аталады: босқа, жатқа, артқа, текке, бекерге, бірге, кешке, әзірге,түнде, мұнда, күнде, баяғыда, қапыда, лезде, шетінен, төтеден, шалқасынан, етпетінен, қырынан, кенеттен, өз-өзінен.

Бірнеше түбірдің кірігуі, бірігуі, қосарлануы, тіркесуі, тұрақтануы арқылы жасалған сөздер күрделі түбір үстеулер деп аталады: бүгін, биыл, жаздыгүні, қыстыгүні, ендігәрі, бірте-бірте, бет-бетімен, күні кеше, күні бүгін, т.б.

Үстеудің сөз табы ретінде басты белгісі – оның семантикалық сипаты болып табылады. Үстеудің семантикалық топтары: мезгіл үстеулері, мекен үстеулері, мөлшер үстеулері, сын-қимыл үстеулері, күшейтпелі үстеулері, мақсат үстеулері, себеп-салдар және топтау үстеулері.

Қазіргі қазақ тіліндегі мезгіл үстеулеріқимыл, іс-әрекеттің жүзеге асу уақытын, мезгіл, мерзімін білдіріп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеулері мыналар: бүгін, биыл, қазір, ала жаздай, енді, ертең, таңертең, кешке, күндіз, қыстыгүні, әуел-баста, қыстай, жаздай, кеш, әлі. Мезгіл үстеулердің жасалу жолдары:

1. –ша, -ше : бүгінше, биылша, әзірше.

2. Көлемдік (барыс, жатыс, шығыс, көмектес) септіктердің көнеленуі арқылы жасалған мезгіл үстеулер: әуел баста, жазда, қыста, баяғыда, күнде, басында, лезде, бағанадан, бұрыннан, әуелден, ертемен, таңертеңмен.

3. Күрделі түбір мезгіл үстеулері бірнеше сөздердің бірігіп, қосарланып, тіркесіп тұрақтануы арқылы жасалады. Олар: бүгін, биыл, таңертең, жаздыгүні, кешқұрым, бүгін-ертең, енді-енді, бұрын-соңды, таң сәріде, жаз бойы.

Мезгіл үстеулері қимылдың мезгілін білдіріп, етістікпен тіркесіп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап беріп, сөйлемнің мезгіл пысықтауышы қызметін атқарады.

Қазіргі қазақ тіліндегі мекен үстеулеріқимыл, іс-әрекет, амалдардың мекенін, орнын, бағытын білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулерге мына сөздер жатады: төмен, жоғары, ілгері, әрі, бері, әрмен, алға, артқа, тысқары, осында, мұнда, кері, т.б. Мекен үстеуінің жасалу жолдары:

а) –қары, -кері, -ғары, -гері жұрнақтарының жалғануымен жасалады: ілгері, тысқары, сыртқары, ішкері. Бұлардың кейбірі түбірмен кірігіп, қазіргі кезде туынды түбір болып есептелмейді де.

ә) Көлемдік (барыс, жатыс) септігінің көнеленуі жолымен жасалады: алға, артқа, төменде, жоғарыда, артта, осында, мұнда, ілгеріде.

Қазіргі қазақ тіліндегі мөлшер үстеулеріқимыл, іс-әрекет, амалдың немесе сынның көлемдік дәрежесін, мөлшерін, шама-шарқын білдіріп, қанша? қаншама? қаншалап? кейде? қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулеріне төмендегі сөздер жатады: сонша, осыншама, мұнша, сондайлық, анағұрлым, онша, едәуір, бірталай, бірқыдыру, біраз. Кейде мөлшер үстеулері есім сөздермен де тіркесіп жұмсалады: бірталай уақыт өтті, сонша жүкті көтеріп, сондайлық сыпайы. Морфологиялық құрамы жағынан мөлшер үстеулері негізгі түбір бола алмайды, себебі тілдегі барлық мөлшер үстеулері басқа сөз таптарына жұрнақ жалғану арқылы немесе сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалған.

Мөлшер үстеулердің жасалу жолдары:

1) Туынды түбір мөлшер үстеуі мына қосымшалар арқылы жасалған: -ша, -ше: сонша, мұнша, онша.

-шама: соншама, мұншама, осыншама, біршама.

-шалық: мұншалық, соншалық, осыншалық.

-дайлық: мұндайлық, ондайлық, сондайлық.

2) Күрделі түбір мөлшер үстеулері сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады.

а) бірігу тәсілімен жасалған мөлшер үстеулері: анағұрлым, бірсыпыра, бірқыдыру, недәуір.

ә) қосарлану тәсілі арқылы жасалған мөлшер үстеулері: бірен-саран, бірлі-жарымды, азды-көпті, некен-саяқ.

Мөлшер үстеуі етістікпен тіркесте келіп, сөйлемнің мөлшер пысықтауышы қызметін атқарады. Сонымен бірге зат есім, сын есімдердің алдында келіп, оны анықтап, сөйлемнің қабыса байланысатын анықтауышы болады. Мысалы: Осынша өнер тауып асқан адам. Бірен-саран жатақтар көше жөнелуге әзірленіп қалды.

Қазіргі қазақ тіліндегі сын-қимыл үстеулеріқимыл, іс-әрекеттің жасалу, амал-тәсілін, сынын, бейнесін білдіріп, қалай? қайтіп? қалайша? кімше? деген сұрақтарға жауап береді. Сын-қимыл үстеуге мына сөздер жатады: ақырын, тез, шалқасынан, әзер, оқыс, дереу, өзінше, зорға, қапыда, лезде, үнемі, өзгеше, көйлекшең, тікелей, ретімен, жүресінен, кезекпен, жайымен, астыртын, жасырын, үстіртін, бірден, біржола, т.б. Туынды түбір сын-қимыл үстеулері басқа сөз таптарынан сөзжасам жұрнақтарының жалғануы, көлемдік септіктердің көнеленуі арқылы жасалады.

а) –ша, -ше жұрнағының әр түрлі сөз таптарына жалғануы арқылы көптеген сын-қимыл үстеулері жасалған: адамша, балаша, қазақша, ауызша, жазбаша, ескіше, керісінше, қысқаша.

ә) –шаң, шең жұрнақтары зат есімдерге жалғану арқылы жасалады: көйлекшең, етікшең, байпақшаң.

б) –лай, -лей, -дай, -дей жұрнақтарын қосу арқылы жасалады: жартылай, осылай, былай, бірдей, ойлай, тікелей, шикілей, өлердей.

в) Көлемдік, яғни барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің көнеленуі арқылы жасалған сын қимыл үстеулері төмендегідей:

Барыс септігі жалғауы арқылы: бірге, босқа, зорға.

Жатыс септігімен: қапыда, оқыста, лезде, аңдаусызда.

Шығыс септігі арқылы: өздігінен, шалқасынан, кенеттен, төтесінен.

Көмектес септігінің жалғауы арқылы: жайымен, ретімен, кезекпен, өздігімен, шынымен.

Сын-қимыл бейне үстеулеі негізінен етістікпен тіркесіп келіп, қимылдың сынын білдіріп, сын-қимыл пысықтауыш қызметін атқарады.

Күшейтпелі үстеулерзаттың сындық қасиетін және қимыл, іс-әрекеттің белгі, сапасын, мөлшер, көлемін күшейтіп не солғындатып көрсету үшін қолданылады. Күшейткіш үстеулерге мына сөздер жатады: ең, тым, өте, аса, орасан, нағыз, әбден, мүлде, кілең, өңкей, дәл, керемет, орасан, өрен. Күшейткіш үстеулер негізінен сапалық сын есіммен тіркесіп қолданылып, сын есімнің күшейтпелі шырай түрін жасайды: ең биік, өте жақсы. Күшейткіш үстеулердің көбі етістік алдында келіп, қалай? деген сұраққа жауап беріп қимылдың сапасын күшейтеді немесе солғындатып көрсетеді: Шешесі әбден таниды екен.

Морфологиялық құрылысы жағынан күшейткіш үстеу тек негізгі түбір болып келеді. Ол басқа сөз таптарына жұрнақтар жалғану арқылы немесе бірігу, қосарлану, тіркесу арқылы жасалмайды.

Қазіргі қазақ тіліндегі мақсат үстеулеріқимыл, іс-әрекеттің болу мақсатын білдіріп, не мақсатпен? деген сұраққа жауап береді. Мақсат үстеуге жататын сөздер көп емес: әдейі, жорта, қасақана, әдейілеп. Мақсат үстеулері құрамы жағынан тек негізгі түбір болып келеді. Сөйлемде етістікпен тіркесіп, мақсат пысықтауыш қызметін атқарады: Құнанбай бағанадан әзіл салғанда да, әдейі соған шұқшиған.

Қазіргі қазақ тіліндегі себеп-салдар үстеулерқимыл, іс-әрекет, амалдың болу, болмау себебін немесе салдарын білдіріп, не себепті? неге? деген сұрақтарға жауап береді. Оған мына сөздер жатады: босқа, амалсыздан, бекерге, текке, лажсыздан, құр босқа, шарасыздан, жоққа. Құрамы жағынан себеп-салдар үстеулер туынды түбір болып келеді. Олар көлемдік (барыс, шығыс) септік жалғауларының көнеленуі арқылы жасалады: бекерге, босқа, текке, жоққа, шарасыздан, амалсыздан, лажсыздан. себеп-салдар үстеулер сөйлемде қимылдың жүзеге асу себеп-салдарын білдіріп, сөйлемнің себеп-салдар пысықтауышы қызметінде жұмсалады: Жандыкең лажсыздан өзінің артықтау кеткенін түсінді ме.

Топтау үстеулеріқимыл, іс-әрекеттің жасалуының топтық сипатын білдіреді де, нешеден? қаншадан? деген сұрақтарға жауап береді. Олар: біреулеп, екеулеп, көптеп, қос-қостап, топ-тобымен, он-оннан, бір-бірлеп. Топтау үстеулерінің жасалу жолдары:

1) –лап, -леп, -дап, -деп, -тап, -теп жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Олар: екеулеп, мыңдап, көптеп, аздап, қостап, жекелеп.

2) Қосарлану арқылы жасалған күрделі туынды түбір топтау үстеулері: қос-қостап, топ-тобымен, он-оннан, бір-бірлеп, бес-ондап.

Топтау үстеулері сөйлемде қалай? деген сұраққа жауап беріп, сын-қимыл пысықтауыш қызметінде жұмсалады.

Үстеулер сөйлемде басқа сөздермен, көбіне, етістікпен қарым-қатынасқа түсіп, сөйлемнің бір мүшесі қызметін атқарады. Ол негізінен пысықтауыш қызметінде жұмсалады.

1. Үстеу семантикалық сипатына сәйкес қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі сын-сипаты, белгісін білдіреді. Осымен байланысты мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын-қимыл, мақсат, себеп пысықтауыш бола алады. Мысалы, Аңшылық өмірінде талай қыранды көріп өткен. Тұра қаштым жалма-жан. Ерекше бір азап дүниесінен келгендей.

2. Кейбір үстеу сөйлем аяғында жіктеліп, баяндауыш болады: Іркітің де сонда , өлген малдың тері-терсегі де сонда, төлің де сонда.

3. Кейбірі атау септігінде тұрып, субстантивтеніп, бастауыш болады: Еріншектің ертеңібітпес.

4. Зат есіммен, сын есіммен тіркесіп келіп, кейде анықтауыш қызметін атқарады: бірталай уақыт өтті, бірен-саран адам көрінеді.

Сөйлемде септеліп, заттанып толықтауыш та болады: Бірталайымен қол алысып амандасты.

Апта

Похожие статьи